Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Ай / жарты ай
1 сурет.
Ай — циклдік жаңару, қайта түлеу және мәңгіліктің символы. Күн ер бастауын білдірсе, Ай әйел бастауын танытады. Ол о дүниемен байланысқан ұғымдарды бейнелеп, ғашықтарға қамқоршы ретінде сипатталады. Басқа халықтардың мифологиясында Айға елестік, алдамшы сипат, өліммен және тылсым әлеммен байланыс сияқты мағыналар да телінеді. Антикалық дәстүрде Ай Артемида, Селена және Геката тәңірияларымен сабақтастырылады. Ал Ежелгі Қытайда толған ай отбасы ошағын, жақындарды сағынуды және кіршіксіз махаббатты білдірген.
Түркі дүниесінде Ай түннің иесі әрі нышаны саналған, сондай-ақ ол Күннің аспандағы қарындасы ретінде танылған. Ертеде қазақтар Айға тағзым етіп, оны сөз арасында құрметпен атаған. Жаңа ай туған кезде: «Ай көрдім, аман көрдім, ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа», — деп бата айтқан. Толған ай молшылық пен құнарлылықтың белгісі болған.
Ай бетіндегі дақтардың себебі халық мифінде Күн мен Айдың «кім сұлу, кім күндіз, кім түнде жарық шашуы керек» деген дауына байланысты түсіндіріледі. Аспан шырақтарына деген құрмет, оларды киелі әрі көркем құбылыс ретінде тану түркі халықтарының ат қою дәстүрінде де сақталған. Сол себепті Ай мен Күнге қатысты сөздерден жасалған қыз есімдері кең тараған. Мысалы: Толғанай — толған ай, Айсұлу — айдай сұлу, Күнсұлу — күндей сұлу, Айгерім — ай жүзді, Айгүл — ай гүлі, Айжан — айдай көркем.
Қазақ ұғымында айға саусақпен көрсетуге тыйым салынған. Ал жаңа ай кезінде күйеуінің үйінің табалдырығын аттаған келінді өсімді, көпбалалы болады деп ырымдаған. Халық арасында «Айы туды оңынан» деген тұрақты тіркес кең тараған, оның мағынасы — біреудің жолы болып, бақ қонуы.
Түркілер түсінігінде кеміген ай, яғни жарты ай, кему, қайғы-қасірет пен өлімнің нышаны ретінде қабылданған. Сондықтан қазақ мазарларында жарты ай бейнесі жиі кездеседі.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.