Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Наурыз
1 сурет.
Кез келген дәстүрлі мәдениетте күн мен түн теңелетін кезеңдерге байланысты күнтізбелік мерекелер болады. Қазақтарда мамандар мынадай маусымдық мерекелерді атап көрсетеді: Наурыз (көктем), Қымызмұрындық (жаз), әйелдерге тән ғұрыптық мереке Шашыратқы (күз), Соғым басы (қыс). Дегенмен бұл циклде де уақыт жағынан өзгешеліктер болуы мүмкін, өйткені қазақтар қоныстанған ұлан-ғайыр аумақтың әр өңіріндегі климаттық ерекшеліктер әртүрлі.
«Наурыз» сөзінің өзі көне иран тіліндегі екі сөзден құралған: ноу — жаңа, роуз — күн. Зороастризмнің канондық негізінде қалыптасқан бұл мереке жыл сайын қайталанып отыратын күнтізбелік-маусымдық құбылыс әрі күнтізбелік жаңа жылдың, яғни күн есебінің басталуы болып саналады. Дәл Наурыздан бастап шаруашылық циклі және онымен сабақтас өтпелі сипаттағы әдет-ғұрыптар мен рәсімдер кешені басталады.
Наурыздан кейін келетін жаз айлары, яғни жаз мезгілі, жақсылықпен байланыстырылса, қыс пен қыс айлары жамандықтың нышаны ретінде қабылданған. Сондықтан бұл мерекенің келуі жылы жаздың, яғни ізгіліктің жеңісі ретінде ұғынылған. Наурызды қарсы алар алдында ежелгі түркілер су көздерін, бұлақтарды, қайнарларды және құдықтарды тазартқан, яғни табиғат тазалықпен әрі жақсылықпен жаңартылады деп сенген. Мереке күні барлық өкпе-реніш кешіріліп, араздасқандар міндетті түрде татуласқан.
Наурыз қарсаңындағы түнде, халық сенімі бойынша, бақ пен құт әкелетін Қыдыр ата келеді деп есептелген. Сол себепті Наурызды күткен түні барлық қазан мен ыдысқа сүт, айран, бұлақ суы секілді киелі сусындар толтырылатын болған. Қазақтар Наурызда бір-біріне: «Ақ мол болсын», — деп тілек айтады. Бұл астарлы мағынада ырыс-береке мен бақыт тілегенді білдіреді.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.