Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Адыраспан

1 сурет.

Адыраспан қатыстырылатын культтік тәжірибе Орталық Азия халықтарының түсінігіндегі киелі шөп ретінде исламға дейінгі наным-сенімдерден бастау алады. Оны үй-жайларды аластауда, адамдар мен жануарларды емдеуде қолданады, сондай-ақ осал тұстарға — есікке, бесікке және басқа да орындарға іліп не қойып қояды. Гармаланы әртүрлі ғұрыптар мен салт-жоралғыларда пайдалану Памирде және Орталық Азияның барлық халықтарында тіркелген. Мысалы, тибеттіктер гармала жемістерін тұмар — намкаға өреді; тәжіктер гармаламен науқастар мен малды аластап, үш рет дұғалық сөз айтады; өзбектер бүгінге дейін онымен бүкіл базарды дерлік ыстап шығады, өйткені бұл үрдіс сауданың сәтті жүруіне ықпал етеді деп сенеді. Әзербайжандар гармала шөбін «үзерлік» (uzərlik) деп атайды және жас жұбайларды тіл-көзден сақтау үшін міндетті түрде сонымен аластайды. Халық арасында гармаланы мың ауруға ем шөп деп те атайды.

Қазақтардың сакралды тәжірибесінде де бұл шөп ерекше орын алады: онымен үйді аластайды, есіктің маңдайшасына іліп қояды және басқа да мақсаттарда пайдаланады.

Семиотика тұрғысынан алғанда, осы киелі шөптің қазақша атауы — «адыраспан» ерекше қызығушылық тудырады. Бұл сөз «адыр» және «аспан» деген екі бөліктен құралған. Екінші сыңары түсінікті: «аспан» — көк, аспан деген мағынаны білдіреді. Ал «адыр» сөзінің екі түрлі түсіндірмесі бар: бірі — «дөңес, қырат, биіктік», екіншісі — оны арабтың «қадыр», яғни «құдіретті, бәріне күші жетуші» сөзімен байланыстырады. Демек, қазақ тіліндегі «адыраспан» сөзінің мағыналық аудармасы «құдіретті аспан» деген ұғымды білдіруі мүмкін және ол тазарту рәсіміндегі сөздік дұға-тілектің бір бөлігі болған болуы ықтимал.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.