Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Қайың
1 cурет.
Түркі наным-сенімдерінде Ұмай ана жерге екі қайыңға сүйеніп түседі деп есептелген. Сібір түркілерінде қайыңның асыраушы әрі қорғаушы ретіндегі түсінігі сақталған. Бірқатар түркі эпостарында орманда тастап кеткен сәбиді өз шырыны, өз сүтімен қайың асырайды (алтайдың «Маадай-Қара» және «Кан-Пюдей» эпостары). Алтайлықтардың дүниетанымында бүгінге дейін қайың-ана (каин-энэ) бейнесі өмір сүріп келеді. Қазақтарда бұл сюжет ұмытылғанымен, оның жаңғырығы XVIII ғасырдағы сазгер Байжігіттің «Қайыңсауған» күйінің атауында сақталған [5].
Қайыңның семантикалық бейнесі тек қазақтар мен түркілердің ғана емес, өзге тілдік әулеттерге жататын басқа этностардың да шамандық ғұрыптары арқылы көрініс табады. Қайың Аспан мен Жерді жалғап тұрған Ғарыштық Ағаштың бейнесін танытқан. Сонымен қатар ол жоғары күштердің дәнекері болып, адам бойындағы жағымсыз қуатты өзіне сіңіріп, уайымнан, ауру мен қайғыдан арылтады деп түсінілген. Қайыңның емдік қуаты әлемнің көптеген халықтарына мәлім: ол герман құдайлары мен Солтүстік Еуропа халықтары үшін киелі ағаш болса, Ресейде тазалықтың, көктемнің және қыз ғұмырының символы ретінде қабылданған. Славяндар қайыңға жын-шайтанды қуу қасиетін теліген, сондықтан жын қуу ғұрыптарында мыстандарды қайың шыбықтарымен сабаған. Бұл ағашты о дүниелік күштердің қаһарын туғызбас үшін сындыруға тырыспаған; адамдар одан көмек сұрап, пәле-жаладан қорғауын тілеп барған.
XI ғасырдың өзінде-ақ Махмұд Қашқари қазақ тіліндегі қайың атауының (аққайың) мен әйел жағынан тарайтын туыстарды білдіретін «қайын жұрт» сөзінің ұқсастығына назар аударған. Қайыңның қуаты айқын «әйелдік» табиғатымен ерекшеленеді; қазақтар оған тұмарлық, қорғаныштық және киелі әйел бастауының қызметін теліген. Ол адаммен «үндесіп», оның бойындағы ауыр, дертті энергияны сейілте алады деп сенген.
Қазақтар қайыңнан киіз үйдің орталық сырығын — әлем діңгегінің нышаны саналатын бақанды жасаған. Алтайлықтар үшін «қайың жоғарғы құдай жаратқан ағаш ретінде адам өмірінің барлық кезеңдеріне қатысты ғұрыптарға қатысады; ол адамды бесіктен кәрілікке дейін сүйемелдеп отырады. Онсыз жаңа туған нәрестеге қайыңнан жасалатын бесікке арналған “бесік тойы” (кабайдын байрамы), есігінің алдына қыйралучакы деп аталатын, сөзбе-сөз “ғұрыптық шүберектер тағылған баған” мағынасын беретін қайың орнатылатын жас жұбайлардың отауына арналған “тұрғын үй тойы” (айылтудуштын байрамы), түтіндігіне отбасы құрылуының белгісі ретінде қайың бұтақтары тағылатын үйлену тойы — “қалыңдық мерекесі”, шымылдығы қайыңға байланатын салт-жоралар өткізілмейді» [8, 147-б.].
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.