Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Тау / таулар

1 сурет.

Көптеген әлем халықтарына, соның ішінде түркі мәдениетіне тән таулардың киелілігі туралы түсінік тауды Жер мен Көкті, жоғарғы және төменгі әлемді жалғаушы ретінде қабылдаудан туындайды. Қазақтардағы Әлем тауының бейнесі — Көк төбе (тура мағынасында — көк/көгілдір тау), оның басында Бәйтерек — әлем ағашы өседі. Ежелгі түркілердің дәстүрлі наным-сенімдері бойынша бұлақтың, көлдің, аңғардың, сондай-ақ таулардың өз иесі, өз рухы болады. Мысалы, Оңтүстік Сібір түркілерінде (алтайлықтарда, хакастарда, тувалықтарда) тауды қастерлеу дәстүрінің бірнеше көрінісі бар: жыл сайынғы ұжымдық жалбарыну рәсімдері, қасиетті таулардың баурайына оба тұрғызу және т.б. Көптеген түркі эпостарында фольклорлық қаһармандардың анасы ретінде дәл тау бейнеленеді — бұл ежелгі ғұндар да табынған Өтүкен. Жалпы, көне түркілердегі тау шыңдарына табыну қасиетті Жер-Су культінің құрамдас бөлігі болған.

Қазақтардағы қасиетті таулар культінің жарқын көріністерінің бірі — Ұлытау тауларын қастерлеу дәстүрі және халық арасында кең таралған «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе» деген бейнелі тіркес. Бір жағынан, мұнда Ұлытауда үш жүзге кіретін үш жүз рудың өкілдері алғаш рет бас қосып, ортақ жауға қарсы бірліктің белгісі ретінде осы қасиетті таулардағы тастарға өз рулық таңбаларын қалдырған тарихи оқиға айтылады. Екінші жағынан, бұл таулардың киелілігінің бастауы мен қасиетті ұлар құсының етін салттық түрде жеу кезінде берілген анттың беріктігі меңзеледі.

Түркі мәдениетінде тау асуының да маңызы ерекше. Ол күрделі семантикалық мазмұнға ие: асу өтуді, деңгейлердің ауысуын, жоғарылауды және төмендеуді білдіретін нышан болған. Бүгінгі күнге дейін қазақтар қиын асулардан өткенде, аман-есен жүрудің белгісі ретінде жол үстінде шүберек немесе таспа байлап кетеді.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.