Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Жол / жол қиылысы

1 cурет.

Түркі мәдениетіндегі жол символикасы Қайтымды Жолды (тіршілік жолын) және Қайтымсыз Жолды (өлілер патшалығына апарар жолды) түсінумен байланысты. Түркі эпосындағы кез келген батырдың қайтымды Жолы туған үйінің босағасынан басталады. Бұл ұғым қазақтың тұсау кесу ғұрпының сарқыншақтарында да сақталған. Ал қайтымсыз Жол, сәйкесінше, Эрлік патшалығына, яғни өлілер әлеміне бастайтын жол ретінде танылады.

Ертеде қазақтар арасында «ала атты жол тәңірі» және «қара атты жол тәңірі» туралы нанымдар болған. Мысалы, жасы ұлғайған адам өз жасын сұрағанда, енді өзінің қара жорғаға мініп, Жолға аттанатын уақытының жақындағанын меңзеп жауап берген.

М.М. Содномпилова мифопоэтикалық көшпелі танымда жол — әке салып кеткен сүрлеу екенін атап көрсетеді, ал ру не тайпа ауқымында бұл — көшпелі бірлестіктердің басшылары белгілеген бағыт. Отбасы басшысы әулеттің көшу бағдарын айқындап отырған, ал оның ұлдары сол жолды мұра етіп жалғастырған [7, 97-б.]. Мұндай Жол идеясын мұра ету — кең мағынада ата-баба жолын сақтау, яғни жолдарды, бағыттарды, өмірлік таңдауды және көшу тарихын жалғастыру дегенді білдіреді.

Әлемдік мәдениетте жол айрығының символикасы қарама-қарсы мағыналарға ие. Бір жағынан, ежелгі қалалар дәл осындай түйісулерге жобаланып, онда храмдар мен пирамидалар тұрғызылған. Екінші жағынан, жол айрығы жаман атаққа да ие болған, өйткені ол зиянкес, тылсым күштер шоғырланатын орын саналған. Ежелгі гректер мұндағы демондық күшті қараңғылықтың, түнгі елестер мен сиқыршылықтың құдайы Гекатамен байланыстырса, римдік дәстүрде үш жолдың тәңіриясы Тривия туралы түсінік кең тараған. Жол айрығының киелі орын ретіндегі мәнін еуропалық халықтар арасындағы түрлі ғұрыптар мен жоралғылар да айқындайды. Ол — бір жағынан, көз тию мен тіл-көзден арылтатын орын болса, екінші жағынан, ауру жіберетін, қарғыс айтылатын мекен ретінде қабылданған.

Жол айрығы мен тармақтар түркі мифологиясында да өзіндік символдық рөл атқарған. Жол айрығы өзара қарама-қарсы, бірақ бірін-бірі толықтыратын «өмір мен өлім», «жақсылық пен жамандық» секілді амбивалентті ұғымдардың түйісуін білдіреді. Алтай мифологиясында Үлген мен Эрлік арасындағы дәнекер ретінде Кагыр-ган (Каарган) бейнесі кездеседі; ол он жеті жолдың торабында адамға үкім шығарып, жаза белгілеген. Жол айрығының маңызын көне түркі жазба ескерткіштері — стелалардың дәл осындай орындарға қойылу дәстүрі де көрсетеді. Бұл жерде жол айрығы дүниенің төрт тарапының кіндігі ретінде ұғынылған.

Осындай түсініктердің бір көрінісі ретінде қазақтардың көне керуен жолдарының бойына немесе елді мекендер мен қоныстар арасындағы соқпақтардың түйіскен жерлеріне мазар тұрғызу дәстүрін атауға болады. Практикалық тұрғыдан мұндай мазарлар шексіз дала кеңістігінде жолаушылар үшін бағдар қызметін де атқарған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.