Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Тобылғы

1 сурет.

Түркі мәдениетінде тобылғыны культтік өсімдік деп толық негізбен атауға болады. Ол — барлық түркі халықтары, соның ішінде қазақтар да ерекше қастерлеген, көптеген халық аңыздарында аталатын қасиетті бұталардың бірі. Тобылғыны бұл дүние мен о дүниенің арасын жалғаушы, бір әлемнен екіншісіне өтуге жәрдемдесетін дәнекер деп түсінген, сондықтан оның шыбығын марқұмның қолына ұстатқан. Мысалы, чуваштарда «… өлген адамның сол қолына тобылғыдан шыбық салады, егер тобылғы табылмаса, итмұрын, ал ол да болмаса, жусан сабағын береді. Бірақ бәрінен бұрын тобылғы артық көріледі, өйткені ол берік ағаш ретінде жын-перілерді қууға ең сенімді құрал саналады. Осы мақсатпен өлген адамға шыбық ұстатады. Сондықтан әрбір чуваш өз үйінде әрдайым тобылғы ұстауға тырысады» [6, 233–234-бб.].

Қазақша атауы — «тобылғы». Халық түсінігінде оған жын-шайтанды, жаман рухтарды қуу қасиеті телінген. Мұны қамшы сабының тобылғыдан жасалуынан да байқауға болады, ал қамшы — қазақ бақсыларының жоралық рәсімдеріндегі міндетті атрибуттардың бірі.

Көктемде, алғашқы қымыз мейрамын өткізу кезінде, тобылғымен күбі — сусынды ашытуға арналған арнайы ыдыс — ысталады. Тобылғы жанған кезде қою да жағымды хош иіс бөледі. Халық арасында тобылғының түтіні қымызға ерекше дәм береді деген түсінік бар. Бәлкім, осы практикалық әрекетте тобылғыны қолдану ағаш рухының күшін дайындалып жатқан сусынға көшіру туралы көне нанымдардың ізін сақтаған болуы мүмкін.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.