Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Терек

1 сурет.

Әлемдік мәдениетте терек, негізінен, жастықтың, күш-қуаттың және сұлулықтың символы болып саналады. Түркі мәдениетінде терек — киелі ағаш. Алайда эпостарда ол көбіне «өлімнің хабаршысы, аза тұту символикасын арқалаушы» ретінде де көрінеді (Г.З. Камалиева және т.б.) [2, 356-б.].

Қазақ мәдениетінде терек ұғымы Бәйтерек туралы миф арқылы айқындалады. Оның мағыналық аудармасы — «ата-тек терек», «ана-терек». Онда балалар мен малдың ұрықтары өсіп жетіледі, ал уақыты келгенде балалардың жандары адамдар әлеміне ұшып келеді. Оның тамырында тіршілік нәрін беретін бастау-бұлақтар орналасқан, солардан өзендер бастау алады. «Солтүстікке, қараңғылық, суық пен өлім еліне қарай ағатын өзендер өзімен бірге өлгендердің жандарын алып кетеді. Бәйтеректің ұшар басында дүниенің төрт тарабына көз салатын, Тәңірдің еркі құдайлар мен адамдар тарапынан қалай орындалып жатқанын бақылайтын қос басты қыранның ұясы орналасқан. Сол ұяда қыран ұрғашы қасиетті жұмыртқа басады, сол жұмыртқадан әлем қайта жаңғырады» [1, 16–17-бб.].

Қазақтар теректің бір түрін «желторанғы» деп атайды, бұл «жел шақырушы» деген мағынаны білдіреді. Ертеде мұндай теректі кесу үлкен күнә саналған. Көне наным бойынша, соңғы желторанғы қурап қалса, бүкіл әлем де жойылып, шөлге айналады.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.