Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Ала бау (ала жіп)
Тұсау кесу ғұрпын атқару үшін арнайы дайындалатын заттардың қатарында ала баудың символдық мәні ерекше. Ол екі түсті, көбіне ақ пен қара жүннен есіліп жасалған жіптен тұрады. Сол жіппен бір жасқа толған баланың аяғын сегіздік тәрізді етіп байлайды, содан кейін оны ел ішінде сыйлы, абыройлы адам салтанатты түрде кеседі. Бұл ғұрып баланың тез ширап, нық қадам басып, еркін жүріп-жүгіруіне сеп болады деп есептеледі. Символдық тұрғыдан ол балаға ұзақ та бақытты өмір жолын ашуды білдіреді.
Тұсау кесу ғұрпының бастаулары көне шамандық түсініктермен сабақтас. Сол таным бойынша ала бау қарапайым пенденің өмір жібі ретінде қабылданған. Баланың өміріндегі өтпелі кезеңде, яғни тәй-тәй басып жүруге дайындық сәтінде, ол байлау, шырмау, белдеу тәрізді ұғымдарды меңзеген және шамандық дәстүрде әртүрлі мәдени мағынаға ие болған. Ала бау түріндегі жіп тұсау, көне наным бойынша, баланың келешекте кез келген бұғаудан, өмір жолындағы қиындықтар мен кедергілерден босап шыға алу қабілетін де ишаралаған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.