Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Құмалақ
Бақсылық және үй ішіндегі әйелдерге тән сакралды тәжірибенің ғұрыптық атрибуттарының бірі құмалақ болған. Көбіне ол қойдың құмалағы түрінде қолданылса, қазіргі кезде көбіне бұршақ пайдаланылады. Құмалақ саны 41 дана болады, осы құмалақтардың түрліше үйлесіміне қарап болашақты, қандай да бір оқиғалардың нәтижесін болжаған. Мамандардың пікірінше, мұнда барлығы 64 балгерлік таңба түзіледі, сондықтан бұл бал ашу жүйесі бейнелі түрде «тағдыр айнасы» деп аталады [21]. Бұл бал ашу тәсілі Еуразия кеңістігінің барлық аумағында, отырықшы халықтар арасында да, көшпелі халықтар арасында да кең таралған.
Дәстүрлі мәдениеттердегі бал ашудың семиотикасын қарастырған Н.И. Бондарь бұл тәсілге адам тағдырындағы бетбұрысты кезеңдерде, өз әрекеттерін түзетуге мүмкіндік беретін мәлімет алу қажет болған сәттерде жүгінгенін атап өтеді. Бал ашу барысында ақпарат өзге әлемдердің, яғни адамға тән емес кеңістіктердің иелерінен келеді деп түсінілген, солармен байланыс орнату қажет болған. Бал ашу осындай байланыс орнатудың құралдарының бірі саналған [4]. Бал ашу кодтарының түрлері де ажыратылады: вербалды, заттық, дыбыстық және тағы басқа. Осы тұрғыдан алғанда, құмалақпен бал ашу сандық кодқа жататын сияқты, өйткені дәл сандар мен олардың үйлесімі арқылы болжам жасалады. Бұл бал ашу алгоритмінің семиотикалық табиғатын тереңірек қарастыру кем дегенде екі деңгейге негізделеді: шартты таңбалар және тасымалдаушы таңбалар.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.