Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ағаш төсек

Босағадан оң жаққа қарай, яғни ерлер жағына, үй иелерінің төсегі — төсекағаш орнатылып, ол шымылдықпен бөлінген. Қазақ мәдениетінде кереуеттің сәнделуіне ерекше мән берілген. Ш. Ж. Тохтабаеваның жазуынша, қазақ дәстүрінде төсек неке төсегінің, отбасы беріктігінің және ерлі-зайыптылар бақытының нышаны саналған. Сондықтан оны барынша әсемдеп безендіруге тырысқан. Мұндай таным магиялық тұрғыдан отбасылық бақытты арттырып, әулеттің көбеюіне әрі дәулеттің молаюына ықпал етеді деп түсінілген [6, 267-б.]. Төсекті, сондай-ақ басқа да жиһаздарды алғаш рет орналастыру әйелдердің сый-сияпатпен өтетін дастарқанымен қатар жүрген.

Удмурттарда да бай безендірілген төсек үй мен отбасының белгісі болып саналады. Бұл жаңа түскен келіннің төсекті алғаш рет салу ғұрпынан көрінеді. Егер удмурттарда төсекті салу ғұрпы болса, буряттарда, керісінше, төсекті алғаш рет жаю рәсімі орындалған. Төсекті алғаш жаю салттық әндермен сүйемелденіп, төсек-жабдықтарының арасына отбасыға байлық тілеу ниетімен ақша жасырылған. Қазақтарда жас жұбайлардың неке төсегін алғаш рет жаюға бедеу әйелдерді жолатпаған. Сондай-ақ келінге күйеуінің ата-анасының төсегіне жатуға рұқсат етілмеген.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.